«Бұл соғыста олар әлдеқашан жеңіліп қойған». Қазақстандық УҚК‑нің жауынгері ресейлік сарбаздардың дәрменсіздігі мен олардың командирлерінің дарынсыздығы жайлы айтып берді
Никита Данилин
Перевод
1 июля 2022, 12:26

«Бұл соғыста олар әлдеқашан жеңіліп қойған». Қазақстандық УҚК‑нің жауынгері ресейлік сарбаздардың дәрменсіздігі мен олардың командирлерінің дарынсыздығы жайлы айтып берді

Иллюстрация: Mari Msukanidze / Медиазона

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне міне 70 күннен асты — осы уақыт аралығында мыңдаған бейбіт адамдар қайтыс болды, миллиондағаны босқынға айналды, ондаған украиндық қалалар мен ауылдар жермен жексен болды. Еларалық келіссөздер ешқандай нәтиже бермей келеді, онымен қоймай, сәуірдің 18-і күні Ресей соғыстың екінші фазасын бастап, әскерін ауқымды шабуыл жасауға Донбассқа жіберді. «Медиазона» оқиғаның тікелей қатысушысы — биылғы жылдың ақпанында жауынгерлік іс-қимылдар басталғалы бері Донецк облысында Украина жағында соғысып жатқан Жасұлан есімді қазақстандықпен сөйлесті.

Джаз

Менің лақап атым Джаз немесе Қазақ, ыңғайына қарай. Атым Жасұлан. Туған жерім Арқалық — ол Қостанай облысында. 1999 жылдан бері Астанада тұрдым.

Украинадағы жағдай расымен де ресейлік БАҚ сипаттағандай нашар екендігін тексеріп көрейін деп, ол жаққа алғаш рет 2015 жылы ұшып бардым. Ол кезде Майдан енді аяқталған еді. Ресейдің үгіт-насихатынан кейін украиндықтар орысша сөйлегенім үшін маған агрессия танытатын шығар деп ойладым. Бірақ оның орнына мен бақытты өмір сүргісі келетін кәдімгі қарапайым адамдарды кездестірдім.

Украинада екі жыл тұрып, Қазақстанға қайтып оралған кезде, маған ол жақта кілең фашистер тұратынын дәлелдеуге тырысқан адамдармен тіл табыса алмай қойдым. Мен ол қате түсінік екенін ұғындыруға тырыстым. Одан кейін тағы екі жылға ұшып барып, сол жақта үйленіп, балалы болдым. Қазақстанға қайтып оралған кезде, Ресейді қолдап, Украинаға наразылық танытатын адамдармен мүлде тіл табыса алмай кеттім. Қазіргі кезде Қазақстандағы туыстарыммен ара-қатынасымыз мүлде үзілді.

Украинаға көшкеннен кейін мен ресейлік телеарналардың құрбаны болғанымды түсіндім. Жаңалық қарауды доғарып, бәрін өз көзіммен көргеннен кейін пікірім бірден өзгерді. Украинада бірнеше жыл тұрып, олардың қонақжайлылығына, мәдениетіне қанық болдым — бұл маған алдау мен өтрікке, диктатура мен қантөгіске қарсы дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік берді.

Мен әлемде мүмкіндігінше әділдік орнағанын қалаймын. Ресейдің істеп жатқан әрекеттерін көргенге дейін — олардың адамдарды зомбиландырып, фильмдерінде украин халқын бала жеуге дейін баратын опасыз, ұлтшыл, фашистер қылып бейнелейтінін білмей тұрып, оларға ешқандай араздығым болған емес. Ал іс жүзінде мұнда өз жерін қорғап жүрген қарапайым адамдар және шындық солар жақта.

Менің әйелім украиндық, екі баламыздың бойында қазақ және украин қаны бар. Бұл жер маған махаббат пен отбасын сыйлағандықтан, мен оны қорғауға міндеттімін. Бұл менің парызым. Мен әлі де қазақстандықпын, алайда соғыс аяқталғаннан кейін украин азаматтығын аламын.

Иллюстрация: Mari Msukanidze / Медиазона

2021 жылдың қыркүйегінде мен келісім-шарт жасасып, УҚК-не қызметке тұрдым. Жазда Қазақстаннан ұшып шығып, үш ай отбасыммен Харьковта өмір сүріп, содан қызметке кеттім. Президент Порошенко 2016 жылы Украинаның егемендігін қолдайтын және оның аумақтық тұтастығын қорғағысы келетін кез-келген адам елдің Қарулы Күштерінің қатарына кіре алады деген жарлық шығаруына байланысты олар мені еш қиындықсыз қабылдады.

Алайда ол жақта мені басқа азаматтарға қарағанда біршама ұзағырақ қабылдады: көптеген тексерулерден өтіп, сұратқан құжаттардың жауабы келгеннен кейін ғана қызметке тұра алдым. Қазір мен Украинаның Қарулы Күштерімен ресми келісім-шартқа отырып стандартты жалақы аламын.

Волноваха

Мен 24 ақпанға дейін де алдыңғы шепте болғандықтан, бұл жетесіздердің қандай іске қабілетті екенін білдім. Негізінде соғыс сегіз жылға созылғанымен, толықмасштабты қақтығыс тек 24 ақпанда басталды. Қазір біз Донецк облысында Волноваханың маңында тұрмыз.

Шабуыл басталған күні біздегі адамдардың пікірі екіге бөлінді — біреулер шабуыл жасалады дегенге сенбеді, мен болсам ол іске асырылады деген пікірде болдым. Мен бұл шошқалардың бәріне дайын екенін түсінгендіктен, отбасыма қауіпсіз аймаққа көшу қажеттігі жайлы алдын-ала ескертіп қойдым. Мен дайын болдым.

Бұл опасыздар бізді үш күн бойы бар қару-жарақпен, гранаталармен, миналармен атқылап, содан кейін ғана 24 ақпан күні толық масштабты шабуылды бастады. Яғни, 18-19 ақпаннан бастап біз ірі калибрлі қарудан жауған оқ астында болдық.

Біздің жалғыз міндетіміз — жауды одан әрі өткізбей, аумақ қорғанысын сақтап қалу. Біз іс жүзінде барша ұрыс қимылдың тозағы болып тұрған Донецк облысындамыз. Бучада бейбіт тұрғындар өлтірілді. Бұл шын мәнінде қатыгездік болып табылады. Ал тікелей және қанды қақтығыстар Донецк облысында болды.

Біз Волноваханы 13 күн ұстап тұрдық. Негізгі міндетіміз — бейбіт тұрғындар эвакуацияланғанға дейін қаланы ұстап тұру болды. Үш эвакуация кезінде де біз бейбіт тұрғындар үшін дәліз құрып, қаланы қорғап тұрдық.

Мен жауынгер жолдастарымның өліміне моральдық тұрғыдан дайын болдым. Ал күтпеген жайттар болған кезде есеңгіреп қалады екенсің. Қайтыс болған жауынгерлеріміздің бөлшектенген денелерін көргенде оны суыққандылықпен қабылдауға болады.

Ең қиын болғаны, мүмкін… Волновахадағы снаряд тиген жер үйлердің бірінің жертөлесіне түскен сәтімді ешқашан ұмыта алмаспын. Жертөледегі адамдардың аман-есендігін тексеру керек болған. Оның орнына мен сол снарядтың кесірінен қайтыс болған отбасын көрдім — адамдардың бөлшектенген денелері мен пісіп қалған еттері. Бұл адамдардың жазықсыздан-жазықсыз зардап шеккенін көріп есеңгіреп қалдым.

Жау сарбаздары

Соғыста өзімді жақсы көрсете алғандықтан, қызмет бабында өсіп, әріптестерімнің құрметіне ие болдым. Өз басым сол оңбаған оккупанттарды соғыста өте әлсіз деп айта аламын.

Мен сізге Ресей басқыншыларының әлсіз айуандар екендігін көрсететін бір эпизодты атай аламын. Біріншіден, бұл жағдай қарапайым қатардағы жауынгердің, әскерге шақырылушының да кінәсі емес, өйткені ол сегіз жыл қызмет еткен украиналық жауынгерден артық жауынгерлік тәжірибе жинай алмады. Мұнда ұзақ уақыт бойы соғысып жүрген жігіттер бар, ал ана жақта қарапайым мерзімді әскери қызметкерлер.

Сөйтіп, шабуылда Волновахада жан-жақты қорғаныс жүргізгенімізде, олар жаудың қай үйлерде орналасқанын білмеді. Олар жаяу әскері бар үш ЖӘЖМ жіберді. Оның үстіне, біз оларды жоюға кіріскенімізде, жауынгерлердің өздерін не күтіп тұрғанын тіпті түсінбейтінін жүздерінен аңғаруға болар еді. Оларға: «Сол жерге барыңдар, сонда бекініңдер» деп айтқан болуы мүмкін. Олар біздің үйлерге жақындап қалғанда, біз шабуылдадық та әрине, оларды жойып жібердік.

Ол жігіттерді қырып салғаннан кейін, бізге қарсы миномет оқтары атылды, діттеген соққы жасалды. Яғни, бұл опасыздар біздің қай үйлерде тасаланғанымызды біліп алу үшін, өздерінің сарбаздарын оққа байлады. Сондықтан да мен олардың сарбаздарын ақымақ деп санаймын.

Олар бұл соғыста өздерінің қарғыс атқан мемлекеттеріндегі сыбайлас жемқорлықтың, көбісін әлдеқашан өлтіріп не тұтқынға алып үлгерген ақымақ генералдарының кесірінен жеңілді. Қалай болғанда да, олар тіпті стратегиялық тұрғыдан дұрыс емес күреседі және бұл майдан шебінің сыртындағыларға түсініксіз. Біз мында отырып олардың ақымақтығына таңданамыз.

ДХР сарбаздары — негізінен, былайша айтқанда қулықпен етке «өткізілген» бірінші толқын болды. Соғыстың алғашқы күндері оларды сол ДНР/ЛНР-ден босатпай бізге жіберіп отырды. Ол адамдардың тіпті әскери билеттері де жоқ, тек төлқұжаттары ғана болды. Оларға тез арада форма кигізіп, қырғынға жіберіп отырған. Біз ондайларды тұтқынға алатынбыз. Жалпы, бұл бірінші толқын болды. Содан кейін мерзімді әскери қызметкерлер келді, олардың көбірек қасарысқандарына қарамастан, біз үшін аса айырмашылықтары болған жоқ.

Біздің көптеген жігіттер Қадыровшыларды кездестірді, тіпті мен де. Менің қарамағымда 80 жігіт болды. Біз шайқасқа шықтық. Шынымды айтсам, олардың пафосы көбірек. Олар жараланғандарды өлтірерде ғана мықты, жыныс мүшелерін, құлақтарын кесіп тастайды. Немесе бейбіт тұрғындарды ұстап алып, байлап, дәнекерлеуішпен азаптайды, көздерін күйдіретін. Сондай сәттерде ғана олар өте күшті. Өйткені бүкіл Украинада жауынгерлеріне қарсы Қадыровшылардың, былайша айтқанда, «арнайы операциясы» сәтті жасалған бірде-бір оқиға жоқ.

Тұтқындау

Бізге тұтқынға, әрине, жиі берілетін. Ең басында, Волновахаға жаңа кірген түні біз осындай бір оркты ұстадық. Сол фашистпен сөйлескен кезде оның қайталайтыны тек: «Мен оқудамын, оқудамын, оқудамын». Одан не үшін оқ атқанын сұрай бастасаң, ол тек «Мен механик жүргізушімін, менің артымда екі адам болған — оқ атқан солар, ал мен тек айтқан жаққа жүріп отырдым», — деп жауап береді.

Яғни, адам өз жанын сақтап қалу үшін өте жымысқы әрекетке барады. Ал атқышты ұстаған кезде ол да: «Мен жаттығулардамын деп ойладым» дейді. Сен одан «Азаматтардың үйлеріне оқ аттың, есің дұрыс па?» деп сұрағаныңда ол бұйрық солай болғанын айтады және т.б. Жалпы, пайдасыз, өте пайдасыз жігіттер.

Егер басқыншыларды тұтқынға алмаған бейнебаяндар туралы сұраққа жауап беретін болсақ… Қазіргі соғыс кезінде, адамдармен бірге болған Арестович, әрине президент Зеленский, сосын ана Виталий Ким сияқты мықты саясаткерлер бар. Сол Бучадағы қырғыннан кейін ол: «Енді қолдарыңды көтермей-ақ қойсаңдар да болады», — деген. Ол Ресей сарбаздарына «енді тұтқынға берілмесеңдер де болады» деп айтылған сөз еді.

Әскери қылмыстар

Соғыстың жүріп жатқанына талай күн өтіп, олардың жасап жатқан айуандықтарын көріп жүрміз. Егер сарбаз сарбазды өлтіруге тырысса түсінікті — бұл соғыс. Бірақ сарбаздың бейбіт азаматтардан өшін алуы… Оның үстіне [ол қалаларда] бейбіт тұрғындар арасында жасырынған украин әскерлері болған жоқ.

Бучадағы барлық қатыгездік… Менің ойымша, [орыс сарбаздарының] тек ләззат алу үшін азаптау бөлмелерін ұйымдастырып, қолдары байланған қарттардың желкесіне оқ атып, адамдарды тірідей көмген фактілерін ескеруіңіз керек. Қысқасын айтқанда, бұл оңбағандардың істегендері туралы ұзақ айта аламын.

Соғыста да намыс бар, жауыңды да құрметтеуге болады, тек бұл жағдайда емес. Мәселен еуропалық соғыстарда рождество қарсаңында қарсыластар ұрысты бір-екі күнге тоқтата тұрып, қасиетті мерекені атап өтіп, бірін-бірі құттықтағаннан кейін ғана соғысты әрі қарай жалғастырғаны жайлы тарихи фактілер бар — бұл ар-намыстың бар екендігін көрсетеді. Ал мұнда ондай жоқ. Кішкентай қызды ата-анасының көзінше топ болып зорлаған адамдар енді жау емес — оларды тек қана жер бетінен жою керек.

Қызметтестер

Ресейлік сарбаздармен салыстырғанда Украин әскерлерінің дайындық деңгейі өте жоғары. Менің ойымша, бізде бәрі НАТО стандарты бойынша, тұрақты жаттығулар мен нұсқау өткізіліп тұрады.

Шынымды айтсам, менде де қиындықтар болуы мүмкін — қазір қатарда тек ең лайықтылары қалды. Арестович айтқандай, біз Волноваханы эвакуациялағанда, бүкіл бригада дерлік мерт болды. Үш эвакуация болды, әрбір тұрғын біз үшін қымбат еді: балалар да, қарттар да. Ал біз осы қалаға көмектесу үшін адамдарымыздан айырылдық. Осыдан кейін көптеген адамдар моральдық тұрғыдан қиындық көрді.

Ұрыста қаза тапқандар — батырлар. Бірақ жәй қашып кеткендер де болды. Олардың қатары көп болмаса да, біз олар туралы ойла,масақ та, олар бар. Мұның бәрін бастан кешкендер шын мәнінде қайратты, жігерлі сарбаздар мен офицерлер деп санаймын.

Бастапқыда біз [олар] не үшін шабуыл жасайды деп ойлайтынбыз. Қарапайым адамдар үшін қаншама азап, қаншама құрбан. Бірақ олардың Волновахада жасаған айуандықтарынан кейін, ауылдарда бүкіл отбасының, ата-аналарының көзінше балаларын зорлағаны бар — ал содан кейін Бучадағы, Ирпендегі қырғын жайлы жаңалықтар шыға бастады… Енді біздің соғыс туралы пікіріміз мүлде басқа. Біздің ойымызда енді тек қорғаныс қана емес, Қызыл алаңға жету арманы бар.

Иллюстрация: Mari Msukanidze / Медиазона

Оларды Украина жерінен толығымен шығару үшін… Өкінішке орай, бізде бар қару-жарақтың бәрі қорғаныс үшін. Біз осы жерді қорғап қалып, өз міндетімізді орындау үшін соңына дейін күресуге дайынбыз. Менің ойымша, әбден күштері сарқылған кезде оларды қуып шығу қиын болмайды. Мұның бәрі стратегия.

Менің ойымша, біз бұл содырлардың біржолата адасуын күтуіміз керек. Өйткені қазір олардың саны тым көп. Адамдар олар үшін шығын материалы тектес. Олар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты. Шауып тастасаң да қайта-қайта шыға берді.

Екі айлық соғыстан кейін біздің жауынгерлік рухымыз оңай сақталды, өйткені біз өз жеріміздеміз және сағат сайын қатыгездік пен ашу-ызамыз ұлғаюда. Олардың жасаған зорлық-зомбылықтарын, озбырлығын, атып өлтіріп, бишара қыздың ішіне дәнекерлегішпен неміс свастикасын күйдіріп басқанын жаңалықтардан естіп, көріп жүрміз.

Олардың жасаған зұлымдықтары бізге тек күш қосады. Біздің жалғыз тілегіміз — кек алу. Сондықтан біздің жауынгерлік рухымыздың шайқалуы мүмкін емес. Жаудың әрбір жасаған қылмысынан кейін ол тек күшейе түседі.

Сәуір

Келіссөздерден кейін жағдай біршама өзгерді — олардың тегеуіріні сәл бәсеңсігендей болды. Бірақ бұл олардың сарбаздары арасындағы үрейдің күшеюінің салдары деп ойлаймын. Тікелей қақтығысқа шығу — олар үшін соңғы шабуыл екенін түсінді. Сондықтан ауық-ауық қысқа уақытқа тыныштық орнайды. Қайта шабуылға шығу үшін күш-қайрат жинаса керек. Алайда бұның оларға көмектесуі екіталай.

[16 Сәуірде] майдандағы жағдай азды-көпті тұрақты: біз өз позицияларымызды сақтап тұрмыз, ал жау болса шабуыл жасауға батылы жетпегенімен, барынша арандатуға тырысып бағуда. Менің білуімше, шабуылдың екінші кезеңі болады. Бірінші кезеңінде олар әскери мағынадағы пасықтығын ғана көрсете алды. Олар техникамен бірге талай адамды шайқасқа шығарып, екеуінен де жеңіліс тапты.

Енді олар егеуқұйрықтар сияқты қулықпен әрекет етеді — олар әуеден, артиллериямен, бомбамен жұмыс істейді. Активтері өте аз болғандықтан олар кенеттен позицияны немесе жолдағы кедергіні бұзып өтсе ғана алға жылжиды.

Олар әзірге қашықтан жұмыс істеп жатыр. Алдымен өздерінің барлаушылары — оныншы арланды жіберіп, сол арқылы белгілер жасап алып, сонымен жұмыс істейді. Құдайға шүкір, біздің жігіттер олардың ұшақтары [мен] техникаларын күн сайын атып түсіруде. Сондықтан олар әлі ілгері жылжи қойған жоқ.

Олардың басты артықшылығы — ақша. Халыққа жұмсалуы керек болған, зейнеткерлердің ашықпауы, дәріден тарылмауына арналған ақша. Ресейдің қарапайым азаматтардың өміріне жұмсалатын қыруар қаражаты болды. Мәселен, инфрақұрылымды айтатын болсақ, ол жақта Мәскеу мен Санкт-Петербургтен басқа қалаларда унитаз дегеннің не екенін білмейтін адамдар қаншама. Елді дамытудың орнына, олар бар қаражатын қару-жараққа жұмсады. Оның үстіне кеңес дәуіріндегі қару-жараққа.

Бұл да олар үшін зәрлі әзілге айналды. Олар өздерінің армиясы шын мәнінде ең қуатты екеніне сеніп қалды. Олардың тек бүкіл ауылда бейбіт адамдар да, үйлер де қалмағанша тәуліктеп атқылайтын бомба қоры бар. Өкінішке орай, ондағы біздің сарбаздарымыз да зардап шекті. Сондықтан да олар (Ресей әскерлері— МЗ.) әдетте ашық шабуылға шығудың орнына, күні-түні бомбалармен атқылауы мүмкін. Бұл шынымен де қауіпті еді.

Соғыстың қашан аяқталатынын білмеймін. Әсіресе оңбаған шал Путиннің ойына не келетінің ұғып-біле алмағандықтан, болжаудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ мен бір нәрсені білемін, біз өз жерімізде болғандықтан, біз шындық үшін күресеміз. Енді шындық қайда, өтірік қайда екенін бүкіл өркениетті әлем көріп отыр, Ресейдің өзін жерлегені анық.

Қатер

Украина жағында соғысқа қатысып жатқаным белгілі болғаннан кейін, маған биліктен, әлгі құрылымнан екенін айтып (Қазақстан ҰҚК — МЗ) жалған аккаунттардан қоқан-лоқы жазғандар болды. Бірақ маған бәрібір. Маған кім не істей алады?

Мен бұрын құлдық жүйе қалыптасқан елде тұрдым. Олар да Ресейдегідей бізді құлға айналдыруға тырысты. Сіз Жапония сияқты, Менделеев кестесіндегі бірде-бір элементі жоқ кішкентай аралдарда өмір сүруіңіз мүмкін, бірақ бұл жалақы мөлшері бойынша әлемдегі екінші ел. Ал мұнайдан басқа түгі жоқ араб елдерінде бәрі миллиардерлер сияқты өмір сүреді. Швейцария немесе Ұлыбритания сияқты тұрақты елдерде өмір сүрсең, оларда да Менделеев кестесі жоқ.

Ал Қазақстанда Менделеевтің периодтық кестесіндегі барлық нәрсенің қоры бар, бірақ жанар-жағармайды қомақты ақшаға сатып аласың, өзімізде өсетін қызанаққа да қол жетімсіз бағалар қояды. Білесіз бе, тіпті дәйексөз қылып алсаңыз болады: «Мен өз халқымды жақсы көремін, бірақ мемлекетті жек көремін». Бұл Назарбаев, Тоқаев сияқтыларға қатысты айтылған.

Харьковтан Астанаға ұшып келгенде бірінші көзім түскені (бұл 2020 жыл болатын), сыбайлас жемқорлықтың ескерткіші деп аталатын — аяқталмаған ЖРК. Бұл қанша жыл өтті, қанша миллиард қаржы әлдекімнің қалтасына түсті және әлдекімнің ырымын жасап қана жазаланғанын еске салып тұр. Өмір бойы білетінім, сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары деңгейі Орталық Азияда болған шығар.

Мемлекеттің осындай байлығы бола тұра, біз мүсәпірлер сияқты өмір сүреміз, тіпті түрікмендерде газ өздері үшін тегін. Сондықтан олар не десе де маған бәрібір. Олар мені экстремист, алаяқ және т.б. етіп көрсетеміз деп қорқытқан. Қалағандарын істесін.

Мен Қазақстанның билігін мүлдем мойындамаймын және сәйкесінше, бұл қоқан-лоққыға да мән бермеймін — маған бәрібір. Украинаның мені ренжітуге жол бермейтінін білемін, өйткені мен Украина Қарулы Күштерінің келісімшарт бойынша әскери қызметкері ғана емес, сонымен бірге осында қалып, Украина азаматы боламын.

Алайда мен өз халқымды, өз ұлтымды қатты жақсы көретінімді және қазақ екенімді мақтан тұтатынымды айтқым келеді. Сондай-ақ Ресей насихатымен салыстырғанда мүлде басқа болып шыққан Украин халқын да өте жақсы көремін. Бұлар болашаққа зор үмітпен қарайтын, оларды жайына қалдырып, тыныш өмір сүруге мүмкіндік береді деп сенетін өте қарапайым халық. Оның үстіне басқалар не деп айтса да, бұл жерде халықтың дауыс беру құқығы бар, ал билік ауысып тұрады.

Мен бұл елді, оның табиғатын, теңіздері мен ормандарын жақсы көремін. Жалпы бұл жерде маған жақын адамдар өте көп. Сондықтан менің міндетім бұл елді соңғы демім қалғанша қорғау.

Аударған: Дана Тұрғынбай