Соңғы қазақ самурайы. Ақын Арон Атабектің Желтоқсан оқиғасынан бері жалғасып жатқан саяси тәртіпке қарсы күресі
Никита Данилин
Перевод
17 ноября 2021, 13:10

Соңғы қазақ самурайы. Ақын Арон Атабектің Желтоқсан оқиғасынан бері жалғасып жатқан саяси тәртіпке қарсы күресі

Арон Атабек бостандыққа шыққаннан кейін. Фото: Manas Kaiyrtaiuly / RFE/RL

Колониядағы 15 жыл қазан айының басында босатылған қазақстандық диссидент-ақын Арон Атабектің денсаулығына қатты әсер етті. Ұзақ жылдар бойы саяси белсендінің шартты түрде мерзімнен бұрын босатылу жайлы өтінішхаттан бас тартуы, оны кінәні мойындаумен тең деп есептеуімен байланысты. Туысқандары, құқық қорғаушылар және «Шаңырақ ісі» бойынша айыпталушыны қолдаушылар қазақстандық билік өкілдері Атабекті денсаулығының күрт нашарлауына байланысты колонияда қайтыс болған жағдайда жауапкершілікті өз мойындарына алмау мақсатында босатуды ұйғарды деп болжайды. Босатылған күннен араға екі апта салып, Арон Атабек комаға түсті және қазіргі уақытта «орташа ауыр» жағдайда жатыр. «Медиазона» тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы және ең маңызды оппозиционерлердің бірінің өмір жолын еске алды.

Өмір бақилық наразылық

«Жапондық самурайларда "самурайдың парызы адал әрі ақырына дейін күресу" деген сөз бар. Мен қазақ самурайымын, менің парызым — ақырына дейін күресу. Денсаулығымды біраз түзетіп алып, оппозициялық саясатты одан әрі жалғастырып, халықты ұлы Алаш революциясына дайындаймын», — деп 15 жыл өте бостандыққа шыққан диссидент-ақын Арон Атабек қазан айының басында жоспарларымен бөліскен.

Атабектің 68 жылдық ғұмырын асыра сілтеусіз орасан үлкен күрес деп атаса болады. Оның 33 жасында 1986 жылы Алматы қаласында орын алған желтоқсан оқиғасына қатысуы, тағдырының айқындалуына септігін тигізді. Сол оқиғадан кейін ол екі жыл бойы кеңес милиционерлері мен чекистерден жасырынуға мәжбүр болды.

Арон Едігеев 1953 жылы Қалмақ АКСР-да туылған. Ол Қазақстанға алғаш рет 18 жасында келді. Осы жерде ол ҚазМУ-дың филология факультетін бітіріп, ЛМУ-дың моңғолистика және түркология кафедрасының аспирантурасында тағылымдамадан өтті, Мемкино мен «Мектеп» баспасының редакторы болып жұмыс атқарып, Алматы ЖОО-да сабақ берді. Сол жылдардың өзінде ол ақын, публицист, түркітанушы, аудармашы ретінде қызмет етіп, кино туралы мақалалар жазып жүрген кезінде «Атабек» лақап атын қолданған. Сондай-ақ оның авторлығымен тенгриандық туралы және Екінші Шығыс Түрік қағанаты кезіндегі ескерткіш жайлы кітаптар жарық көрді.

1989 жылдың сәуір айында Атабек КСРО Халық депутаттарының бірінші съезіне жазылған хаттың бастамашысы болды. Онда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының саяси бағалануын қайта қарастыру және барлық желтоқсаншыларды босату, Қазақстанға мемлекеттік егемендік беру туралы талаптар қойылды. Сол жылы Атабек алғашқы Қазақ ұлттық-патриоттық «Жерұйық» қоғамын ұйымдастырды. Алайда ақын Алматы қалалық әкімдігіне «Желтоқсан» құрбандарын еске алу мақсатында ас өткізу туралы өтініш жасағаннан кейін қоғамды жойып тастады. Сонымен қатар, ақын көптеген митингілер, пикеттер ұйымдастырып, аштық жариялаған.

1989 жылдың желтоқсанында ол Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысып, съезге арнап жазылған хатта баяндалған талаптарды атап өтті. 1990 жылдың қаңтар айынан бастап Эстонияда басылып, Қазақстанға шабарманмен жеткізілген заңсыз «Алаш» газетін шығара бастады. Елге әкелінгеннен кейін басылымды қорғаныс күштері тәркілеуге тырысты.

1990 жылдың сәуірінде Атабек «"Алаш" ұлттық тәуелсіздік партиясының» құрылғаны туралы жариялады, алайда 1991 жылдың ақпанында қоқан-лоқы салдарынан Мәскеуге кетуге мәжбүр болды және сол жақта «ХАК» саяси газетін шығара бастады.

1992 жылдың наурыз айында Атабекті Мәскеу қаласында қазақстандық прокурор мен ІІМ қызметкерінің қатысуымен ЕММД күштері тұтқындады. Оған мүфти Ратбек Нысанбаевтың өмірі мен денсаулығына қастандық ұйымдастыру, сондай-ақ публицист Кәрішал Асановтың «ХАК» газетіндегі «Президенттің күлкісіне сенбеңіз» атты мақаласында Қазақстан Президентінің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін фактілерді жария еткені үшін айыпталды. Ақынды Мәскеуден Алматыға көшіруге тырысты, бірақ адвокаттардың көмегі мен істің ашық жария етілуінің арқасында, ол бір ай ішінде елден кету туралы ұйғарыммен Мәскеуде уақытша қалдырылды.

1992 жылдың сәуірінен 1993 жылдың мамырына дейін Атабек саяси баспанаға ие болып, отбасымен бірге Бакуде тұрды. Сол жақта ол «Түркістан» қозғалысын құрды. Оның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстаннан келген оппозиционер-эмигранттар кірді. Сөйтіп Отанына тек 1996 жылы ғана орала алды.

Шаңырақ шайқасы

Ақын ұзақ уақытқа саясатпен және белсенділікпен айналысуды доғарды. Тек 2005 жылы ғана ол өз бетінше салынған құрылыстарда тұратын адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысатын «"Қазақ Мемлекеті" Қазақстан Халық майданы» қозғалысын ұйымдастырды. Қозғалыс Алматының оңтүстік бөлігінде орналасқан Әйгерім, Шаңырақ, Бақай және Ұлжан шағын аудандарының өз бетінше салынған құрылыстарында орналасқан тұрғындар үшін «ұжымдық қорғаныс» жүйесін құрды.

Арон Атабек Шаңырақ оқиғасының кезінде, 14 шілде 2006 жыл. Фото: Kazis Toguzbaev / RFE/RL

Сол жылы ол Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, өзін оның оппоненті деп атаған.

2006 жылдың мамыр айында Атабек Бақай ауданында заңсыз салынған үйлерді қорғауға ат салысты. Сол кезде АМПЖ қызметкері оны келдекпен ұрып, тізесін зақымдады. Полиция қызыменткерлерінің күш қолдануына қарамастан, бақайлықтардың үйлері арашаланып қалды. Бірақ шілде айының басында Бақайдағы жүзден астам үй бұзылды.

2006 жылдың 14 шілдесінде сот орындаушылары мен полиция қызыметкерлері Шаңырақ шағын ауданына келіп, заңсыз салынған деп шешілген жеке үйлерді бұзуды бастамақ болды.

Бакайда орын алған оқиғалар жайлы хабардар болған жергілікті тұрғындар алдын ала дайындықтарын бастап кетті, олар баррикадалар салып, автомобиль доңғалағын өртеп, от жағып, бензин құйылға бөтелкелер дайындады. Шағын ауданның кіреберісінде өрт сөндіру машиналар, полиция қызыметкерлері мен ауыр құрылыс техникасы пайда болған кезде, жергілікті тұрғындар оларды бірден тастармен және жанғыш қоспамен қарсы алды. Жақын орналасқан шағын аудандардың тұрғындарын қосқанда, қорғанушылар саны 800-ден 1000 адамға дейін өзгеріп отырды.

«Тастар мен бензин құйылған бөтелкелер нысаналарға дәл тиді, ал үш ампжлық көпшіліктің көз алдында өртене бастады. Шабуылдаушылардың бірін жасақшылар жерге құлатып, қайырып алып, жыраның қойнауында орналасқан жерқазбалардың бірінде күшейтілген күзет қарамағында тұтқында ұстады», — деп жазған сол кезде Zonakz.

Келіссөздер мен тұтқынды полицияның шабуылды доғарамыз деген уәдесіне айырбастағаннан кейін, 500-ге жуық күшейтілген АМПЖ жасақтары жаңа шабуылын бастап кетті. Қолданысқа шулы гранаталар мен резеңке оқтар түсті. Келдек ұрғысынан ерлер де, әйелдер де, балалар мен қарттар да зардап шекті. Осыған қарамастан, тұрғындар қауіпсіздік күштерінің шабуылдарына төтеп беріп; толық жабдықтанған тағы үш ампжлықты тұтқынға алды.

Олардың бірін шаңырактықтар бейтарап жолаққа шығарып, сауыты мен каскасын шешіп алған соң, жанармай құйып, өртеп жіберді. Зардап шеккен Бостандық ауданының АІІБ тергеушісі 24 жасар Әсет Бейсенов болып шықты. Денесінің 70% күйік алып, кейіннен ауруханада қайтыс болды.

Журналистердің жазбаларына сәйкес, полицейге ең алғашқы болып көмекке ұмтылған және отты сөндіре бастаған Арон Атабек, бірнеше минуттан кейін басына тиген келдек соққысынан асфальтқа құлап, қорғаныс күштерінің ұрғысына жығылды.

14 шілденің кешінде кезекті келіссөздерден кейін наразылық білдірушілер соңғы ампжлық тұтқынды босатты, ал полиция қызметкерлері келесі сот шешіміне дейін Шаңыраққа оралмауға уәде берді. Сондай-ақ, қала билігі шанырактықтарды жер телімдерін заңдастыру жөніндегі арнайы комиссияға қосуға уәде берді.

Тілінген іштер мен 18 жылдық колония

17 шілдеде, Шаңырақтағы қақтығыстан бірнеше күн өткеннен кейін, Алматы ІІД қызметкерлері Атабекті куәгер ретінде тергеуге шақырды. Алайда ол жақтан сол күйі шықпады — оны тәртіпсіздіктер ұйымдастырды, адамды тұтқынға алды және полиция қызметкерінің өміріне қастандық жасады деген күдікпен УҰИ-ға орналастырды. Полиция қызметкері қайтыс болғаннан кейін іс кісі өлтіру бабына ауыстырылып, қарастырылды. Ақынның айтуынша, ІІД-де азаптау кезінде оның сол қолын сындырып, екі қолындағы саусақтарын уатып салды.

Атабек сот процесін алқабилермен өткізуді талап етті, бірақ оған теріс жуап беріліп, сот үдерісі әдеттегі тәртіппен өткізілді. Наразылық білдіру үшін тағы бір сотталушы екеуі отырыстардың бірінде қарындарын ұстарамен тіліп тастады. 2007 жылдың қазан айында Алматы қалалық соты Арон Атабекті 18 жылға қатаң режимді колонияға жабу туралы үкім шығарды.

2008 жылдың мамыр айында Жоғарғы Соттың апелляция ісін қарастыру барысында бірнеше негізгі айыптаушы куәгерлер Атабекке қарсы куәліктерінен бас тартты. Куәгер Айбатыр Ибрагимов журналистерге Әуезов полиция бөлімінің жертөлесінде оны бес күн бойы ұрып-соққанын айтты: «Кешке Аронды алып келіп, оны ұйымдастырушы деп атады. Осыдан кейін олар өздері хаттаманы толтырып, маған қол қоюға берді. Сотталғандарды мен көрмедім».

Осыған қарамастан, 2008 жылдың 12 маусымында сот үкімі бойынша Атабек пен оның үш серіктесі полиция қызметкерін өлтіргені үшін кінәлі деп танылған.

2008 жылдың аяғында Алматы әкімдігінің қарамағындағы жер қатынастары басқармасы Алатау ауданында заңсыз үй салған шағын аудан тұрғындарына қарсы талаптарын қайтарып алды.

Қамаудағы азаптау мен қысым

Сот кезінде және одан кейін Атабек әрқашан өзінің кінәсіздігін алға тартып отырды. 2009 жылы ол колониядан «Азаттық» радиосына телефон арқылы сұхбат беріп, толық ақтап шығаруды талап етті.

«Қазір оппозицияда жүргендер миллион қол жинап, Назарбаевтан аталған іс бойынша сотталғандарға кешірім беруді сұрамақшы. Мейлі сұрай берсін. Бірақ мен үшін сұраудың қажеті жоқ. Менің талабым толығымен ақталу, құқықтарымды қалпына келтіру. Мен кешірім беруді қабылдамаймын және оны сұрамаймын да. Өйткені мен бұл қылмысты жасамадым», — дей отырып, ақын полицейді шаңырақтықтар емес, биліктің өзі өлтіргеніне сілтеді.

Сол арада ол колониядағы жағдайды Сталин заманындағы лагерлердің күйімен салыстырды. 2010 жылдың жазында Атабектің әйелі Жайнагүл Айдархан УК-161/12 Арқалық түрмесіне ауыстырғаннан кейін оны сұмдық тіпті «азапты» жағдайда ұстайтынын айтты.

Жаза өтеу мерзімінің алғашқы жылдарында ақынды әртүрлі түрмелер мен тергеу изоляторларына жиі көшіріп отырды. Құқық қорғаушылар мұны сотталған адамға қысым жасау тәсілі деп таныды. «Соңғы екі жылда Арон Атабек төрт түрлі қалада: Қаражал, Арқалық, Қарағанды және Павлодардағы бас бостандығынан айыру орындарында болды. Бұл ретте ІІМ Атабектің көшірілуіне заңды негіз берген жоқ», — деп «Открытый диалог» құқық қорғау ұйымында атап өтті.

2012 жылдың желтоқсанында Атабек «Азаттық» радиосына телефон арқылы тағы бір сұхбат берді. Ол екі жыл бойы Арқалықта жеке камерада отырғанын, туберкулезбен ауырғанын, сондай-ақ камераласымен төбелескеннен кейін көру қабілеті нашарлағанын айтып өткен. Атабектің айтуынша, колония әкімшілігі оның айналасында арнайы ақпараттық вакуум құрып оған хаттарды сирек беріп, телефонмен сөйлесуге және кітап жазуға мұрша бермей келген.

2015 жылы ақын түрмедегі жағдайына және қолжазбаларының тәркіленуіне, туыстары оның колониялардан көшірілуі жайында хабарланбағандығына байланысты сотқа шағым түсірді. Алайда сот бұл талаптарды қабылдамады, сот кесімін қайта қарау туралы шағым да қайтарылды.

2018 жылы қолдау тобының белсенділері Атабекке жылы киімдер бере алмай қайтты — колония әкімшілігі бұны сәлемдемелерді алуға тыйым салу деп түсіндірді. Бір жыл өте белгілі болғандай, қамалушы келген хаттарға ие бола алмаған, ал оның жазған хаттары не жіберілмей, не қайтарылмай отырған. Сонымен қатар белсендіні айып изоляторлары мен карцерлерге жиі түсіріп отырды.

Денсаулық мәселелері

2014 жылдың жазында Атабек белсенді Бақытжан Төреғожинаға хат жазып, онда 2006 жылы сынып, қазір ісіп кеткен аяғының кесірінен жүре алмай қалғанын айтты. Сондықтан ол оған балдақ немесе таяқ жіберуді өтінді, тұтқындалушы оларды тек бірнеше ай өте, желтоқсанда ғана ала алды.

«2014 жылы Павлодардағы тергеу изоляторына көшірілген кезде, менің сол аяғымды екінші рет сындырды. Бірінші рет [шаңырақты] қорғауға шыққан кезде сындырған», — деп түсіндірді Атабек босатылғаннан кейін берген сұхбатында.

Сол жылдың қараша айында Төреғожина Павлодардың тергеу изоляторында хлормен азаптау ұйымдастырылғандығы туралы ақынның тағы бір хаты туралы айтты: «Арон серуенде болғанда, оның камерасына тыныс алуға мүмкін болмайтындай етіп бір шелек хлор құйылды. Камера желдетілмейді. Серуеннен келген Арон Атабек наразылығын білдірген кезде, оны қабырғасынан келдекпен ұрып жықты. Жанжалдан кейін Павлодардағы СИ-14 бастығы оны қайтадан Арқалық қаласындағы өмір бойы бас бостандығынан айрылғандарға арналған түрмеге үшінші мәрте жіберуге уәде берді».

2020 жылдың шілдесінде белсенділер Атабектің Павлодар тергеу изоляторында ауыр сырқатқа ұшырағанын хабарлады. Әйткенмен мекеме онымен «бәрі жақсы» деп мәлімдеді. Айдың соңында сотталған ақынның қызы Айдана Айдархан телефон қоңырауы кезінде Атабек оған мүгедектік ресімдеуді өтінгенін айтты.

Арон Атабектің қызы саяси акцияда. Фото: Айдана Айдарханның Facebook-тегі жеке парақшасынан

«Аса қатты ауырып жатқаным жоқ, алайда қолдарым іске жарамай барады. Жаза аламын, тамақ жей аламын. Қалам мен қасық ұстай аламын, қалғанын көтеруге мұршам жетпейді. Сондықтан сендерден қолыма байланысты мүгедектік рәсімдеуді сұрап отырмын, оны бастықтан да сұрағанмын. Құқық қорғаушыларға хабарла», — деген сөздерін келтіреді қызы.

Араға бір апта салып құқық қорғаушы Елена Семенова диссиденттің мүгедектігі туралы өтінішін растады.

2021 жылдың 11 қыркүйегінде колония әкімшілігінің бастамасымен Арон Атабек жеке клиникада тексеруден өтіп, алайда емделуден бас тартқаны белгілі болды. Қыркүйек айының соңында құқық қорғаушы Семенова Атабекті толық тексеруден өткізу үшін Павлодардың бірінші қалалық ауруханасына жатқызылғаны туралы айтты. Бұл оның аяғы мен қолының істемей қалуынан кейін болды.

Бостандыққа шығу мен кома

Дәрігерлер Атабекте миелопатиялық мойын омыртқааралық дискінің зақымдануын және мойын деңгейінде жұлынның дегенеративті-демиелинизация ауруын анықтады. Бұл оның қалған үш жылдық мерзімін бір жыл бас бостандығын шектеуге ауыстырып, колониядан босатылуына себеп болды. Ақын бұған қарсы болғанына қарамастан, 1 қазанда бостандыққа шықты.

«Азаттыққа» берген сұхбатында, ол әуелден ШТМБ немесе жазаны жеңілдету туралы өтініш жасаудан бас тартқандықтан, босатылумен келіспейтінін және мерзімнің басынан аяғына дейін отырып шығуға дайын екенін айтып өткен. Оның пікірінше, биліктегілер оның түрме қабырғасында өліп кету қаупінен қорыққандықтан, босату туралы шешім қабылдады.

Босатылған күні Атабекті бірден Павлодардан Алматыға ұшаққа отырғызып, пробациялық бақылау кезінде түрме әкімшілігінің құжаттарында тұрғылықты мекен-жайы ретінде белгіленген әпкесінің үйіне апарды. Туыстары оның денсаулық жағдайын «нашар» деп сипаттаған.

Арон Атабек қамауға дейін және одан кейін. Фото: Айдана Айдарханның Facebook-тегі жеке парақшасынан 

8 қазанда белсендінің қызы Айдана Айдархан Instagram-ға әкесінің қамауға дейінгі және босатылғаннан кейінгі суретін жариялады. 2006 жылдың мамыр айында 53 жастағы Атабектің салмағы 85 келі болса, 2021 жылдың қазан айында  50 келі болды. Оның айтуынша, әкесі  өз бетімен жүріп-тұруға, тіптен төсектен бас көтеруге мұршасы келмеді. Сонымен қатар оның пневмониясы анықталды. 19 қазанда Айдархан әпкесі Рәзия Нутушева «бәлкім біреудің қысымымен» әкесімен көрісуге мүмкіндік бермей жатқанын жазды.

20 қазанда Атабекті жеке клиникадағы жансақтау бөліміне жатқызып ӨЖЖ-ға қосқаны белгілі болды.

«Жағдайы нашар. Тамақ жей алмайды. Ауру асқынулар беріп жатыр. Ауруханадан кейін он күн біз оны үйде емдедік, сол кезде ол ауруханаға жатудан бас тартқан. Бірақ үйдегі емдеу аса нәтиже бермеді-жағдайы нашарлай түсті. Әдетте ол ештеңеге шағымданбайтын, алайда өткен жұмада тыныс алу қиынға соққанын айтты», — деді белсендінің әпкесі Нутушева.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, 21 қазанда дәрігерлер тексеруі мен КТ-ның нәтижесі бойынша, Атабекте «аса ауыр дәрежедегі коронавирус инфекциясы» анықталған, алайда ол ауруханаға жатудан бас тартып, кейін жеке клиникаға көшірілді. Сол күні оның әпкесі Рәзия Нутушева Атабектің комаға түскенін хабарлады.

23 қазанда Атабектің қызы Айдана Айдархан оның қай жеке клиникада жатқанын анықтай алды, алайда дәрігерлер оның әкесі «жеке сөйлескенде» оған ешкімді жібермеуін және ол туралы ешқандай мәлімет бермеуін өтінгенін алға тартып,  емделушімен көрісуге мүмкіндік бермеді.

27 қазанда Нутушева «Азаттыққа» Арон Атабектің комадан шыққанын, алайда оның жағдайы ауыр екенін айтты: «Желдеткішсіз дем ала алмайды, сондықтан ӨЖЖ үнемі қосылып тұрады. Ол сөйлемейді, көзін ашады, өздігінен тамақтана алмайды, тамыр ішілік жол арқылы тамақтанады. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы күндерге қарағанда тексеру нәтижелері жақсырақ. Бірақ ол орташа ауыр жағдайда деп айтып отыр».

Аударған: Дана Тұрғынбай